Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Ол төбелеске қатысты өз нұсқасын айтты. Дархан Әскентай тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартатынын мәлімдеді.
"Мен толықтай келіспеймін. Себебі алғашқы 24 сағатта бізге қысым көрсетілді. Жарақатыма байланысты дұрыс жауап бере алмадым. Бүгін не болғанын, өзімнің істеген әркеттерімді айтуға шешім қабылдадым", – деді айыпталушы.
Дархан Әскентайдың айтуынша, шамамен түнгі сағат 11-де "Қамажай" дүкеніне сыра мен темекі алуға барған. Қолында жеткілікті қолма-қол ақшасы болмағандықтан, танысынан 1000 теңге аударуын сұрап, алдын ала қоңырау шалған.
"Дүкеннен шыққанда маған біреу қоңырау шалды, бірақ алуға үлгермей қалдым. Телефоным өшіп қалды. Содан дүкеннен қатты алыстамағаннан кейін қайта барып Қаржаубайдан телефон қуаттағыш сұрап, өтініш білдірдім. Ол берді", – деп жалғастырды ол.
Әскентай біраз уақыт сыртта күтіп тұрғанын, кейін телефонына келген қоңырауды естіп, қайта дүкенге кіргенін айтты.
"Бекнұр деген бала хабарласыпты: "Аға, ақшаны салып жібердім, ертең таңертең Олжас екеуміз келеміз, дайын отырыңыз" деді. Телефонды өшіріп жатып қарасам, тағы да хабарламалар келіп тұр екен. Соларды қарап жатқанмын. Сол кезде Шерзат: "Сен, әкеме бірдеңе дедің бе, не дегің келіп тұр?" деп ашуланды. Өзім түсінбей қалдым. "Жүр, әкеңнен сұрайық, әкеңе ештеңе деген жоқпын" дедім. Қарасам қолында кастет бар екен. Үлгерген жоқпын, ұрып жіберді. Мен екі-үш метр шегіндім де, не істеп, не қойғанымды білмей тұрып қалдым", - деді ол.
Сот процесі барысында судья айыпталушыдан неге бұрынғы жауаптарында Шерзаттың қолында кастет болғанын айтпағанын сұрады. Әскентай қорыққанын және қысым көргенін айтты.
Әрі қарай Әскентай сөзін жалғастырып, Шерзат оны кастетпен ұрғаннан кейін дүкеннен Қаржаубай шығып, оған беті-қолын жуу үшін су бергенін және ұлына ұрысқанын айтты.
"Мен телефонымды түсіріп алдым деп ойлап, оқиға болған жерге қайтып алуға бардым. Бірақ ол қалтамда болып шықты. Шамамен 100 метрдей жүргенде, үсті-басым терлеп, жағдайым нашарлап кетті. Сол кезде досым Нұрболға қоңырау шалып, алып кетуін сұрадым. "Мені біреулер ұрып кетті, келіп алып кете аласың ба?" деп едім, өтінішімді қабылдады. "Қазір келіп алып кетемін" деді", – дейді айыпталушы.
Әскентай Шерзаттың әкесі екі рет пышақ алып шыққанын көргенін айтты. Оның сөзінше, бұл уақытта Әскентай мен Нұрбол дүкеннің алдында тыныш сөйлесіп тұрған көрінеді. Оны ұлы Шерзат тоқтатқанын айтты.
"Не үшін жүгіріп шыққанын, не үшін пышақ алып шыққанын түсінбей қалдым. Өйткені мен ешкімге хабарласып жатқан жоқ едім, ешкімді шақырмадым. Тып-тыныш сөйлесіп тұрғанбыз. Шерзат оны: "Әке, болды қойыңыз" деп ажыратып алды. Сол кезде дәлелдейін дедім, түбіртек тұрғанын, төлегенімді айттым. "Мәселе ақшада болған жоқ, балаңыз мені ұрып жіберді" дедім. Ештеңеге қараған жоқ, телефонды қолымнан жұлып алды. Телефонымды сұрап артынан дүкенге кірдім, ол телефонымды маған қайтарып беріді. Кейін далаға шыққанда бір көлік келіп тоқтады. Ішінен балалар шықты", – деді Дархан.
Ол сыртқа шыққанда Нұрбол біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын, сондықтан кедергі келтірмеу үшін көліктің жанына барып күткенін айтты. Сол кезде басқа көліктер келіп, ішінен балалар түскен.
"Олар дүкенге қарай барды, кіретіндері кіріп жатты. Шерзаттар жақта тағы балалар тұрды, солармен амандасты. Біреуі Нұрболдан: "Бұл жақта сен не істеп жүрсің? Кімді ұрды? Не болды? Не жағдай?" деп сұрады. Нұрбол: "Досымды ұрып жіберіпті, соны алып кетуге келгенмін, қазір бәрі жақсы" деп, қайтайын деп тұрғанбыз. Сол кезде Қаржаубай дүкеннен пышақпен шығып, бізге оқталды. Пышақпен шыққаннан кейін оны бір бала теуіп жіберді. Нұрбол: "Аға, бәрі жақсы, сөйлесіп тұрмыз" деп айтып жатты. Сол кезде бір қарап қалғанымда Шерзат келген балалардың біреуін ұрып жіберді. Солай төбелес басталып кетті", – деді ол.
Дархан Әскентайдың айтуынша, ол төбелеске қатысқан жігіттердің ешқайсын бұған дейін білмеген. Олардың бәрін алғаш рет сол күні көрген. Сондай-ақ, ол Нұрқанатты да танымайтынын айтты.
"Неге олай айтқанын білмеймін. Ол 1994 жылғы, мен 1993 жылғымын. Ол менің сыныптасым емес", – деді Әскентай.
Сондай-ақ, айыпталушы Нұрқанаттың екі рет оқ атқанын көргенін айтты.
"Оның қаруды қайдан алғанын білмеймін, бірақ бірінші рет қорқыту үшін атты. Сосын тағы "Тоқтаңдар! Атамын! Атамын!" деген дауыс шықты. Сосын атты. Қарасам бір бала құлап жатыр екен. Сол кезде адамға тиіп кетті ме деп қорықтым", – деді ол.
Айыпталушы төбелеске қатыспағанын, балаларды ажыратып жатқан кезде басына соққы тигенін, кейін есеңгіреп алшақ кетіп қалғанын айтты.
Сөз соңында ол өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.
Шерзат ісі бойынша сот отырысы
2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер сөйледі.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова