Қызғалдақ жұлып, басы дауға қалды: полиция жаңа дерек айтты

Қызғалдақ жұлып, басы дауға қалды: полиция жаңа дерек айтты
Фото: Видео кадры

Түркістан облысының полициясы қызғалдақ терген қазақстандыққа қатысты тергеудің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

Түркістан облысының Ордабасы ауданында түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап кетті. Кадрларда белгісіз біреу гүл жұлып жатқаны көрінеді. Ал сирек кездесетін гүлдерді жинауға заңмен тыйым салынған.

Айта кетейік, жабайы қызғалдақтар 4 жылдан 7 жылға дейін жерде сақталуы мүмкін тұқым арқылы көбейеді. Гүлді жұлса, тұқымы да жоғалады, осылайша жаңа гүл шығуы сирей түседі.

Қызғалдақ Қызыл кітапқа енген. Оны жұлғаны үшін ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл үшін 3000 АЕК-ке дейін (11 796 000 теңге) айыппұл не қоғамдық жұмыстарға 800 сағатқа дейін тарту түріндегі жаза не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу/айыру жазасы берілуі мүмкін.

Полиция пікірі

Түркістан облысы Полиция департаменті мәліметінше, қызғалдақ жұлған қазақстандық істеген ісін мойындаған.

"Әйелге қатысты ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір барлық мән-жайды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп жазылған полицияның Tengrinews.kz-ке берген жауабында.

Аймақ прокуратурасы мәліметінше, сот сараптамасы тағайындалған, осы арқылы жұлынған гүлдер, расында да, Қызыл кітапқа енген-енбегені анықталады. Оның нәтижесі бойынша Шымкент тұрғынының әрекетіне де құқықтық баға беріледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget

OSZAR »