Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Қаскелеңде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы кезінде аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу кезінде "Tоредо" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары 2021-2023 жылдары құрылысқа рұқсатсыз, яғни лицензиясыз, қажет құжаттарсыз және жобалық-сметалық құжаттамасыз жұмыс істегені белгілі болды.
Соған қарамастан олар НOME, НOME Южный, НOME SAU, НOME МAK тұрғын үй кешендерін әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамалаған.
"Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының міндетті кепілдігі болмағанына қарамастан, олар жарнама арқылы 100-ден аса азаматтан 972 млн теңге жинаған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Бұл жағдай үлескерлердің жаппай құқық қорғау органдарына жүгінуіне себеп болды", - деп жазылған хабарламада.
ҚМА мәліметінше, сот санкциясымен күдіктілердің 240 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынған. Олардың ішінде 12 жер телімі, 9 көлік, аяқталмаған үш қабатты ғимарат және жеке тұрғын үй бар.
Қазір күдіктілер қамауда. Іс сотқа жіберілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!