“Бомбардиро Крокодило“ кім? Ата-аналарға ескерту жасалды

Қазақстандықтардан итальян тілінде сөйлейтін қолтырауыннан балаларды қорғау сұралды. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті нейрожелілер арқылы жасалған, сырт көзге бейкүнә көрінетін, бірақ ішкі мазмұны жағынан күмән тудыратын абсурд мультфильмдердің желіде жылдам таралуына алаңдаушылық білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Не себеп?

Атап айтқанда, TikTok пен басқа әлеуметтік желілерде кең таралған "итальяндық брейнрот" деп аталатын кейіпкерлер — "Бомбардиро Крокодило" мен "Тралалеро Тралала" сынды бейнелер туралы сөз болып отыр.

"Бейкүнә видео түрінде ұсынылғанымен, бұл мультфильмдер балаларға бұрмаланған, мазасыздану мен агрессияны тудыратын бейнелерді ұсынып, негізгі адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтіреді", – делінген Комитеттің мәлімдемесінде.

Қауіп неде?
Құзырлы органның мәліметінше, қазіргі медиа орта жылдам өзгеріп жатыр – жаңа платформалар мен ақпарат тарату формалары пайда болуда. Бұл жағдай балалардың психоэмоционалдық әл-ауқатына қосымша қауіп төндіреді.

"Осыған байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазіргі цифрлық шындықты ескере отырып, құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеп жатыр. Тиісті хаттар Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданатын болады", – деді Комитет өкілдері.


Ата-аналарға үндеу
Комитет ата-аналарға да арнайы үндеу жасады:

"Балаларыңыздың не көріп жүргеніне, кіммен араласатынына және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аударуларыңызды сұраймыз. Баламен жиі сөйлесіп, оның сыни ойлауын және зиянды ақпаратқа қарсы тұру қабілетін дамытыңыз. Күмәнді контентті байқасаңыз – тиісті органдарға дереу хабарлаңыз. Сандық ортадағы қауіпсіздіктің басты кепілі – ата-ананың қатысуы".


Қоғам пікірі
Белгілі блогер Арман Юсупов та бұл мультфильмдердің қауіпті сипатына назар аударды:

"Мен шок болдым. Бұл мультфильмдер күлкілі көрінеді, балалар қарап мәз болады. Бірақ ішінде – Құдайды қорлау, соғыс, қирау бар. Бұл — сұмдық", – деп мәлімдеді ол бейнежолдауында.

Ол ата-аналарды мұндай видеоларды балаларға көрсетпеуге шақырды.
Оның айтуынша, мұндай контент әсіресе 2010 жылдан кейін туған Альфа буынының санасына жасырын түрде әсер етуі мүмкін. Бастапқыда қалжың сияқты көрінетін бұл видеолардың мазмұны – уайым тудырып, тіпті агрессияны насихаттауы ықтимал.

Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл жағдайға қатысты пікір білдірді:

"Итальян тілін білмейтін балаларға бұл жай ғана сөздер жиынтығы шығар", "Аудармасы сондай екеніне күмәнім бар", "Платформалар неге бұны бақыламайды?", "Бәрі бұрыннан белгілі – әр ұрпақ өз кезіндегі мультфильмдерге үрке қарайды. Бізге кезінде Симпсондар мен Бивис-Батхедті көрме деген", "Бұл шынымен қорқынышты, қатыгездік насихатталып жатыр" – деп жазды пікір қалдырушылар.


Неге мұндай видеолар танымал?
"Брейнрот-контент" (ағылшынша brain rot – "ми шіруі") деп аталатын бұл формат — мазмұндық немесе танымдық құндылығы жоқ, бірақ тәуелділік тудыратын бейнелер. Әлеуметтік желі алгоритмдері осындай қысқа әрі абсурд видеоларды белсенді түрде насихаттайды. Ал жастар мен жасөспірімдер оларды көруге, бөлісуге және өз нұсқаларын жасауға бейім. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!



OSZAR »