Байбектің әкесінің есімі Қоспаевқа қатысты істе аталды

Байбектің әкесінің есімі Қоспаевқа қатысты істе аталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов, Видео кадры

Экс-әкім Бауыржан Байбектің әкесінің есімі Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық схемаларда аталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы сәуірдің аяғында сотталған, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірі Айбек Қоспаевқа қатысты сот құжаттарында көрсетілген.

Схема қалай жұмыс істеген?

Әңгіме Esentai City тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату туралы болып отыр. Сот үкіміне сәйкес бұл пәтерлер нарықтағы бағадан төмен бағада ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің туыстары мен таныстарына сатылған. Мұндай сатып алушылар қатарында Қыдырғали Байбек те болған.

Тергеу мәліметтері бойынша Қоспаевтың қылмыстық тобы 2019 жылғы 8 сәуірден 2020 жылғы 23 желтоқсанға дейін AV-Construction ЖШС мүлкін ұрлаған.

"Осылайша Д.Абижанов, Т.Танашев және Р.Бабаев ұйымдасқан топ жетекшісі Е.Қоспаев және басқаларымен келісіп, сеніп пайдалануға берілген және салынып жатқан жылжымайтын мүлік нысандарын Алматының әкімі болған Б.Байбектің әкесі Қ.Байбектің пайдасына өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға шешім қабылдаған", – деп жазылған үкімде.

Байбектің әкесіне қатысты эпизодтар

Осылайша Қыдырғали Байбек Esentai City кешеніндегі пәтер мен екі коммерциялық нысанның иесі болған.

Сот үкімі бойынша 2019 жылғы 8 сәуірде AV-Construction кеңсесінде Қоспаев ұйымдасқан тобының мүшесі Р.Бабаевқа Қ.Байбектің атына Қаппаров көшесіндегі №14 пәтерді сату туралы тапсырма берген. Пәтер 43 586 000 теңгеге сатылған, тергеу дерегі бойынша бұл - өзіндік құнынан айтарлықтай төмен баға.

Төлем жасалғаннан кейін Бабаев Қоспаевтың нұсқауымен Қ.Байбекпен арада жалпы ауданы 114,7 шаршы метр болатын пәтерді сату келісім шартына отырған. Тергеу бұл әрекетті ұйымдасқан топ жасаған, аса ірі мөлшердегі мүлікті ұрлау ретінде бағалаған.

Esentai City-дегі коммерциялық нысандар да арзанға сатылған

2020 жылғы 23 желтоқсанда Қоспаев компания кеңсесінде тағы да Қ.Байбекке Қаппаров көшесіндегі екі коммерциялық нысанды төмен бағамен сату туралы тапсырма берген.

Бабаев, Абижанов және Танашевпен келісіп, нысандар мен олардың бағасын анықтаған. Нәтижесінде мынадай келісімдер жасалған:

  • 121,6 шаршы метрлік нысан – 50 206 027 теңгеге;
  • 97,6 шаршы метрлік нысан – 40 464 621 теңгеге.

Бұл заңсыз әрекеттердің салдарынан AV-Construction ЖШС мен оның заңды иелеріне 65 946 191 теңге көлемінде залал келтірілген.

Сот үкіміне сәйкес ұйымдасқан топ 2018 жылғы шілдеден 2022 жылғы сәуірге дейін Esentai City кешенінде AV-Construction-ға тиесілі пәтерлерді, кеңселер мен жер телімдерін өзіндік құнынан төмен бағада өздеріне, туыстарына сату немесе мүлде төлемей беру арқылы 4 628 145 093,13 теңге көлемінде ұрлық жасаған.

Айта кетейік, топ мүшесі Айбек Қоспаев кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget

OSZAR »