Қауіпті тері ауруының белгісі мен себептері қандай?

Қауіпті тері ауруының белгісі мен себептері қандай?
Фото: depositphotos.com

Алматы қаласындағы №2 емхананың І санатты дерматовенерологы Азадям Ибрагимова микоз атты тері ауруының пайда болу себебі мен оны емдеу жолдарын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Тері микозы қандай ауру?

Тері микозы дегеніміз – теріде әртүрлі саңырауқұлақша әсерінен пайда болатын инфекциялық ауру. Бұл инфекция - эпидермистің беткі қабаты мен терінің терең құрылымын зақымдайтын, қабыну, қышыну, қабыршықтану секілді жайсыз белгілері бар ауру.

Тері микозының себебі

  • Инфекциясы бар адамдармен немесе жануарлармен байланыста болу. Микоз көп жағдайда ауру адам немесе жануармен байланыста болу және аяқ киім, орамал, киім секілді ортақ заттарды пайдалану арқылы жұғады.
  • Лас әрі дымқыл орта. Микоздар көбіне бассейн, сауна, душ секілді аса ылғалды орталарда таралады.
  • Иммунитеттің әлсіреуі. Диабет, АИТВ, гормон бұзылысы секілді созылмалы аурулары бар және иммунодепрессанттар ішетін адамдардың бұл ауруды жұқтыру ықтималдығы жоғары.
  • Гигиена сақтамау және теріні жаралау. Терінің зақымдануы, тілінген жерлер инфекция ағзаға енуіне тікелей әсер етеді. 

Тері микозының белгілері

  • жараланған аймақтағы терінің қабынып, қызаруы;
  • тері бетінің қабыршақтанып, жарылуы;
  • терінің дызылдап, қышуы;
  • тершең болу;
  • теріде ойық жара пайда болып, күлдіреуі;
  • тырнақ айналасының зақымдануы. 

Микоз терінің әртүрлі бөлігін зақымдауы мүмкін: өкше, саусақ арасы, тырнақ, кеуде, бет, тіпті шашты.

"Тері микозы - уақытылы емді қажет ететін, кең таралған ауру. Дұрыс диагностика жасап, ауруды емдеген жағдайда ешқандай жайсыздық сезімі болмайды. Инфекцияны болдырмау үшін алдын алу шаралары маңызды. Ал маманға ертерек жүгіну көптеген мәселенің алдын алады", - деп түйіндеді Азадям Ибрагимова.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget

OSZAR »