Ғалымдар бұрын болжанған, 2032 жылы жерге құлауы мүмкін деген астероидтің қаупін толықтай жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Еуропалық ғарыш агенттігі оның жерге соғылу ықтималдығын 0,001 пайызға дейін, ал америкалық NASA агенттігі 0,0017 пайызға дейін төмендетті. Бұл аспан денесі 2032 жылы жердің жанынан қауіпсіз ұшып өтеді және келесі жүз жыл ішінде соқтығысу қаупі туындамайды дегенді білдіреді.
"Бұлай қайта бағалаудың себебі - ғалымдардың оның қозғалыс траекториясын жақсы түсінуі", – делінген материалда.
NASA-ның жер маңындағы нысандарды зерттеу орталығының жетекшісі Пол Чодас журналистерге 2032 жылы аспан денесі соқтығыспайтынын растаған.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі телескоптар 2024 YR4 астероидын бақылауды жалғастырады, оның траекториясы мен физикалық сипаттамаларын үнемі нақтылайды.
"Жерге елеулі қауіп төндірмейтін бұл астероид бізге зерттеулер үшін баға жетпес мүмкіндік берді", – деп мәлімдеді NASA.
Алдағы жылдары бірқатар жаңа телескоп, соның ішінде Vera Rubin мен Flyeye зерттеушілерге қауіпті нысандарды тезірек анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, әзірленіп жатқан еуропалық ерте ескерту миссиясы NEOMIR планеталық қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігіне айналады.
Айта кетейік, бұл астероид 2024 жылы желтоқсанда анықталған еді, оның өлшемі 40-90 метр аралығында, бұл футбол алаңымен шамалас. Егер ол жерге соғылса, бүтін бір қаланы жойып жіберуі мүмкін еді. Кейінірек бұл жаңа ашылған аспан денесінің жерге соқтығысу ықтималдығы 3 пайызға дейін өскен болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz